CaspianLife, 4 наурыз — Каспий теңізінің қазақстандық секторында әскери теңізшілер зымыран-артиллериялық корабльдер топтарын жауынгерлік жағдайда қолдану іс-қимылдарын пысықтауда, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қарулы күштерде жауынгерлік оқу шаралары Қазақстан Президентінің армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде өткізілуде. Оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов басшылық жасауда», — делінген министрлік мәліметінде.
Маневрлер барысында экипаждардың дайындық деңгейі жетілдірілуде. Сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторында елдің аумақтық тұтастығын, егемендігін және экономикалық мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындаудағы өзара іс-қимыл тәртібі пысықталып жатыр.
«Оқу-жаттығуда теңізде апатқа ұшыраған кемеге көмек көрсету бойынша экипаждардың құтқару іс-қимылдарына ерекше назар аударылған. Бұдан бөлек, әскери теңізшілер кемелерді диверсияға қарсы қорғау, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар мен шартты қарсыластың катерлеріне қарсы тұру шараларын жүргізу үстінде», — деп нақтылады ведомстводан.