CaspianLife, 25 ақпан — Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, 2020 жылы Атырау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасы бекітілген.
«Жаңа Экологиялық кодекстің енгізілуімен жергілікті атқарушы органдар табиғат қорғау іс-шараларына эмиссия үшін төлемақыны 100% пайдалана алады. Былтыр Атырау облысының бюджетіне экологиялық төлемдерден 9 млрд теңгеден астам қаржы түсті. Жол картасын қайта қарап, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын қосымша іс-шараларды қосуды ұсынамын. Тұрғындар Жол картасының орындалу барысы туралы білуге тиіс. Сол себептен, жұртшылықпен тоқсан сайын есеп беру кездесулерін өткізіп, жұмыс нәтижелері мен өңірдің экологиялық жағдайы туралы хабардар ету қажет», -деді Серікқали Брекешев.
Министр облыстағы барлық ауданда экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жоқ екеніне назар аударды.
«Облыс аумағында 55 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Оның 8-і ғана экологиялық тұрғыдан рұқсат алған. Қазір кейбір полигондар қоқысқа толған. Қалдықтар көбінесе рұқсат етілмеген жерге төгіледі. Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 1977 жылдан бері пайдаланылып келеді. Мұнда қалдықтар жиі жанады. Бұл Атырау қаласының ауа бассейнін ластаудың қосымша көзі болып отыр», -деді министр.
Қазір Мақат пен Индерден басқа аудандарда ағынды суларды тазалауға арналған нысан жоқ.
«Сарқынды сулар жергілікті жердің рельефіне экологиялық рұқсат беру құжаттамасынсыз ағызылады. Осы жылдың басында Құлсары қаласы тұрғындарының шағымы бойынша «Жылыой Су» кәсіпорнына тексеру жүргізілді. Кәсіпорында қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттың жоқтығы анықталды. Сарқынды суларды ағызу тазартусыз жүзеге асырылған. Тексеру нәтижесімен әкімшілік іс қозғалып, кәсіпорын қызметін тоқтата тұру туралы сотқа талап арыз берілді», -деді министр.