CaspianLife, 23 ақпан — Атырауда қаңтар айының басындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты 28 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал Гилимның айтуынша, қазір арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу топтары жаппай тәртіпсіздікке қатысты 28 қылмыстық істі тергеп жатыр.
«Оның ішінде терроризм актілеріне қатысты 2, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысуға байланысты 10, билікті басып алуға шақыру дерегімен 1 қылмыстық іс бар. Сондай-ақ, полицияға қарсы күш қолдану бойынша 2, қаруды ұрлауға қатысты 1 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Жаппай тәртіпсіздік кезіндегі іс-әрекеттер жазылған бейнежазбалардың барлығы зерделенді. Зардап шеккендер мен куәлардан жауап алынды. Сот санкциясымен 25 адамға бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу шарасы қолданылды. Бір адам үй қамақта отыр», -деп хабарлады Абзал Гилим.