CaspianLife, 11 ақпан — Атырау мен Астраханды жалғайтын жолдың 60 шақырымын жөндеу жұмыстары аяқталды.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жаңа сайланған басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев «Атырау-Астрахан» автожолының қайта жөндеу барысын тексерді.
«Еліміздің даму деңгейі автожолдарға да тікелей байланысты. Мен де, әріптестерім де жүктелген жауапкершілікті толық түсінеміз. Біздің мақсат — жұмыс қарқынын арттырып, істі жоспарға сай орындау. Жолды пайдалануға қабылдау кезінде сапаға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, орынды сын мен ашық диалогқа дайын екенімізді айтқым келеді. Халықпен кері байланыс орнату мақсатында Instagram және Facebook әлеуметтік желісінде келіп түскен пікірлер мен хаттарды жеке өзім оқимын», — деді компания басшысы Мейірхат Қасымбаев.
«ҚазАвтоЖол» АҚ-ның ақпаратына сүйенсек, «Атырау –Астрахань» тасжолының республикалық маңызы бар және ол II санатқа жатады.
«Автожолдың жалпы ұзындығы — 277 шақырым. Жол бірнеше учаскеден тұрады. Атқарылған жұмыс нәтижесінде бүгінде жолдың 60 шақырымы дайын. Қалған учаскелерде жер төсемін төгу жұмысы жүріп жатыр. Жол-құрылыс жұмыстары биыл көктемде басталады», — делінген хабарламада.