CaspianLife, 9 ақпан — Ақтауда Шыны талшықты құбырлар зауытының жұмысшылары бейбіт шеруге шығып, екі күннен бері өндіріс аумағында түнеп жүр.
Олар жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етуде. Жалақыдан бөлек емдеу-сауықтыру ақысы мен тоқсандық сыйақы да беріліп, ұжымдық келісімшарт жасалсын дейді.
Бұл «Маңғыстау Мұнай Газ» акционерлік қоғамының құрамында болған мекеме. Соны 2009 жылы жекеменшікке өткізіп жіберді. Жұмыс жасайтындарды еріксіз, заң бұзумен қол қойдырып. одан кейін айлық көтерілмей осылай қалып қойды, — дейді жұмысшы Серғали Кекешов.
Біз үйімізге бармастан осы жерде жатырмыз. Үйге барғанда не деп барасың? Кеше түскен 80 мың айлыққа бала не алып берем айтшы? Не алып берем мен 80 мың айлығыма? Не берем? 6 балам бар. 6 баланың жейтін тамағы бар ғой, ауырады ол балалар да мысалы.Радиационный заттар кілең бұл жерде. Соған төленетін ақшалары жоқ бұл жерде, — дейді зауыт жұмысшысы Бауыржан Жұмабаев.
Зауытта жұмыс ауыр әрі зиян, оған төленетін ақы еңбегімізге тұрмайды дейді ереуілшілер. Айтуларынша,ең төмені 50 мың теңге айлық алады. Зауыт басшылығы мұнай компанияларынан тапсырыс күтіп тұрғанын және жұмысты тоқтатуға болмайтынын, жалақыны тек 50 пайызға көтере алатынын айтты.
100 процент ешқашан даже просто ала алмайсыз. Это невозможно. Ондай бізде доходный часть жоқ. + вы представляете что такое 50 процент? Это не каждому дается такое. 50 процент я считаю что это очень хороший выход, — деді Шыны талшықты құбырлар зауытының директоры Сәрсен Қырымқұлов.
Жұмысшылар болса басшының шешімімен келіспейтіндерін жеткізді. Өйткені, айлықты 50 пайызға көтеру мардымсыз дейді.