CaspianLife, 1 ақпан — Маңғыстау облысының Қызылтөбе ауылы тұрғындары қуанышты күнге жетті. Елді мекен толықтай ауыз су құбырына қосылды. Бұған дейін тіршілік нәрін құдыққа құйдырып, тасып ішкен халықтың қуанышында шек жоқ.
Бұрынғы уақытта машинамен су тасылады. Қаншама уақыт күтесің. Тапсырыс бересің, кейде мезгілінде келмей қалады. Біраз қорлықты көрдік қанша жыл. 1 водовоз су кейде жетпей қалады. Қазақ болғасын көп семьясы, кір-қоңы болады. Халықтың игілігіне жарасын, қуаныштымыз. Ауылымыз көркей берсін, — дейді Қызылтөбе ауылының тұрғыны Аман Таңғұлов.
Қызылтөбеде 32 мыңдай халық тұрады. Мұндағы 80 көше орталықтандырылған ауыз су құбырына түгел қосылды. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында бұл жұмыстарға 2 млрд тг-ге жуық қаражат жұмсалыпты. Енді көпшілік коммуналдық мекемелермен келісім шартқа отырып, құбырды өз үйлеріне қостыра бастады. Ал, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жергілікті әкімдік көмектеседі.
Халыққа барынша хабарлап, құлақтандырып жатырмыз. Орталық құбырдың бойында су бар екеніне көз жеткізіп, жарнамалап жатырмыз. Бұл жерде бір ғана мәселе – ауыл азаматтарының белсендігінің төмендігінде, — дейді Қызылтөбе ауылдық округінің әкімі Ерлан Қайнаров.
Бұл ауылда былтыр су станциясы іске қосылған болатын. «Каспий» су тұщыту зауытынан бір мезгілде 6 мың текше метр су қабылдап, қазандықтарда сақтауға қауқарлы. Қазір тұрғындар тәулігіне 200-300 текше метр су тұтынады. Жазда оның көлемі бірнеше есе артады. Биылғы маусымда егістік, бау-бақшаға су жеткілікті болады деп сендіреді билік өкілдері.