CaspianLife, 1 ақпан — Маңғыстауда бір айда азық-түлік бағасына қатысты 17 адамнан шағым түскен. Аспандаған баға Ақтау қаласында, Түпқараған мен Мұнайлы аудандарында ерекше байқалады.
Дүкенде азық құны бірден 30%-ке дейін көтерілген. Бұған арнайы жүргізілген мониторинг нәтижесінде көз жетті. Ал кәсіпкерлер бағаның қымбаттауын былай деп түсіндірді.
Үлкен қор Павлодарда қазір. Ақтауға дейін тасымалдауымызға 45-50 теңгедей кетеді. Бұл жерде картопты 190 мен 200 теңгенің арасында сатамыз көтерме бағамен. Капустаның ең арзаны Қазақстан бойынша осы Маңғыстауда. Иранға жақын болғасын бізде арзан. 190-200 теңге. Картоп 250-300 тоннаның шамасында бар, пиязда сол шамада қоймаларымызда, — дейді кәсіпкер Нұрпейіс Назарғали.
Облыста көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 100 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы кәсіпкерлерге 6 айға пайызсыз беріледі.
Көтерме сауда, бөлшек сауда барлығы да өзінің алған бағасына 15 пайыздан артық үстеме ақы қосуға болмайды. Сол заңды түсіндіру үшін бізде «Халықтық бақылау» деген мониторингтік топтар құрылды. Өңір бойынша 54 топ жұмысын бастап кетті жыл басынан бері. Сонымен қатар Сall-орталықтар құрылды әрбір ауданда. Кейбір дүкендер картоптың, тағы да басқа тауарларға 15-тен артық үстеме қосқаны белгілі болды. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде сол бағалар орнына түсті, — дейді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева.
Талапты орындамай, тамақ бағасын негізсіз көтергендерге 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.