CaspianLife, 26 қаңтар — Қуаңшылық құрсауынан шықпаған маңғыстаулық шаруалар қымбатшылықтан да қиналуда.
Жыл бойы мал азығын сатып алып отырған олардың қаражаттары таусылған. Қарызға да әбден батыпты. Жем-шөп үшін малдың көп бөлігін сатып жіберген. Азықты үнемдеп бергеннің өзінде ірі қара бір қап жемді бір күнде тауысып, қалталарына салмақ салып тұр. Сондықтан да олар облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтан мал азығының бағасын 50 -60 пайызға арзандатуды талап етіп, үндеу жасады.
Ол талапта 1 келі отруб 50 теңгеден, 1 түк шөп 500 теңгеден, 1 бума шөп 8000 теңгеден сатылсын деген талап қойдық. Және бұл талапты 25 қаңтарға дейін орындап, осы талабымызды қанағаттандыруын сұрадық. Осы уақытқа дейін бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз қалмады. Ендігі таңда біздің бар үмітіміз Қасым-Жомарт Кемелұлында. Тез арада біздің Маңғыстау облысының мәселесін шешіп беріңіз, — дейді шаруа Әділбек Сағындық.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне дейін арызданған шаруалар жағдайдың тым күрделеніп бара жатқанын айтады. Маңғыстау облысында нағыз қытымыр қыс ақпан айында басталады. Қалған малды қырып алмау үшін талап тез арада орындалсын дейді олар. Тиісті басқармадағылар болса жем- шөптің қымбаттығын қосымша шығындардың болуымен түсіндіреді.
Басқа өңірлердегі Маңғыстау облысындағы сияқты шаруа қожалықтары шөп орумен егістік шаруашылығымен айналысып, өз нәпақаларын көріп отыр. Қазіргі уақытта Солтүстік облыстарда қыс түсуіне байланысты бір орамаға 10 мың теңге көлемінде қалыптасып отыр. Оның үстіне жол шығындары бар. Дизель отынының бағасы бар, бәрі өзіндік құнына қосылады, — дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазыбек Тәшімов.
Қазір «Каспий» әлеуметтік корпорациясы арқылы мал азығын тасымалдаушы операторларға 250 миллион теңге несие түрінде берілген. Операторлар басқа өңірде де жем мен шөптің қымбаттағанын айтады.
Қыс айы басталғаннан кейін 4000-5000-ның рулондары екі есе өсті. Өз құны мында келгендегі 12 500-13 000 теңге болып келеді. Халықтың сұрап жатқан 500 теңге түк шөп, 8000 теңге орама дегені өте орынды. 50 пайызы егер де қысқартылса онда халыққа 8000 теңгеден сатып алуға мүмкіндік бар, — дейді мал азығын тасымалдаушы операторлардың бірі Ерлан Рысбай.
Әзірге шаруаларға Облыстағы мұнай компаниялары қаржылай қолдау білдіріп, көмектесуде. Бірдейлендіру базасына тіркелген мал басына бір келі жем 75 теңгеден сатылып жатыр.