CaspianLife, 23 желтоқсан — Ақтауда жаңа жылдық екі шыршаны орнатуға қалалық бюджеттен 47 миллион теңге жұмсалған.
Жергілікті басшылықтың сөзінше, шырша ағаштары соңғы бес жылда жаңартылмай, мүлдем ескіріп қалған көрінеді. Сондай-ақ, конструкцияны өткен жылы екпінді жел құлатып, бүлдірген. Шыршаны безендіру үшін жарияланған тендерде пластикалық қызғалдақтар орнатумен аты шыққан компания жеңіске жетті. Енді жаңа жоба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
Келісімшарт қазан айының ортасында жасалған. Қазір жеңімпаз компания облыс орталығын безендірумен айналысып жатыр. Екі алаңға қойылған әр шыршаның биіктігі он бес метр. Үш жыл бойы пайдалануға болады.
Алған мекеме оның авторлық өзінің жеке құқығы бар. Яғни ол ҚР-ның Әділет министрлігінде тіркелген. Яғни ол өзінің шығарған өнімін кез-келген деңгейде ұсына алады. Мемлекеттік сатып алу конкурсы бір көзден өткізіліп, берілді. Қазір тиісті жұмыстарын жасап жатыр, — дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Алпысбай Таубаев.
Қала әкімдігі өткен жылы бюджет қаражатын әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсау туралы шешім қабылдап, мерекелік безендірулерден мүлдем бас тартқан еді. Ал биыл қаржыны аямауды жөн көрген сыңайлы. Мердігер «Clover Media Group» компаниясы облыс орталығына тағы бірнеше инсталляция орнатпақ. Олардың жалпы құны жүз миллион теңгеге бағаланып отыр. Ал қаржы әрине мемлекеттік қазынадан бөлінеді.