CaspianLife, 21 желтоқсан — Атырау қаласының басты жасанды шыршасы жылдағыдай Исатай Махамбет атындағы орталық алаңда осы аптаның соңына дейін орнатылмақ.
Әкімдік қызметкерлерінің сөзінше, оны сәндеуге қажетті ойыншықтар сатып алынбайды, былтырғылар пайдаланылады. Егер жаңа дүниелер алынып жатса, демеушілердің есебінен болады дейді олар. Ал өткен жылы кәсіпкерлердің бірі қала тұрғындарына сыйға тартқан табиғи шырша бір жыл да тұрмады. Нақтырақ айтар болсақ, 2020 жылдың желтоқсан айында демеушілер шаһарға тоғыз метрлік шырша тарту еткен болатын. Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театры ғимаратының алдына қойылған қылқан жапырақтыны жыл сайын жаңа жылда сәндеп, безендіру әкімдіктің жоспарында бар еді. Бірақ, ойдағылары болмады. Атыраудың климатына шыдамаған бағалы шырша жерсінбесе керек, қурап, ақырында өліп қалды.