CaspianLife, 21 желтоқсан — Ақтауда Toyota Land Cruiser жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан балалы әйелді қағып өлтірді.
Қайғылы оқиға 20 желтоқсанда 16 және 19-шағынаудандар арасында болған. Полиция қызметкерлері 23.45-те шақырту түскенін мәлімдеді.
«Toyota Land Cruiser жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кетті. Нәтижесінде, 29 жастағы әйел алған жарақатынан оқиға орнында қаза болды», — деді облыстың Полиция департаменті өкілі.
Бес жасар қыз Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізілгені, кейін ол да есін жимастан қайтыс болғаны белгілі болды.
Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайда бұзуы» бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
Құқық қорғау органдары қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалған.