CaspianLife, 29 қараша – Атырауда діни әдебиеттерді заңсыз тарату тоқтар емес.
Жыл басынан бері діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзғаны және дiни араздықты қоздыруды насихаттап, үгiттегені, сондай-ақ экстремизм немесе терроризмдi насихаттап, ақтауға бағытталған бұқаралық ақпарат құралдары өнiмiн таратқаны үшін 46 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардан 176 діни әдебиет, 11 дана ақпарат тасымалдағыш, 2 ноутбук пен басқа да діни заттар тәркіленіпті.
Атырау облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы жыл басынан бері діни саладағы 62 құқықбұзушылықты анықтады.Олардың ішінде ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 490 бабымен 22 азаматқа, 453 бабымен 40 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді Атырау облыстық ПД сыртқы коммуникациялар тобының жетекші маманы Айша Талапкер.
Жалпы облыста 23 кәсіпкер діни әдебиетті заңды түрде сатады. Оның 16 қалада жұмыс істесе, қалғандары аудандарда. Оларға қойылар талап та жоғары. Мысалы, діни кітап сататын дүкендер мектеп пен балабақшадан 300 метр жерде орналасу керек. Және әр кітаптың діни сараптамадан өткенін растайтын құжаты болуы тиіс. Облыстық дін істері басқармасы мамандары кітапты сатып аларда оның мұқабасына аса мән беру керектігін айтады.
Тұрғындарға ең оңай жолы әрбір кітаптың мұқабасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму діни сараптамасының оң қорытындысын алынған деген бір, екінші ҚМДБ сараптамасынан өткен деген, яғни ҚМДБ – мұсылманшылықтың қара шаңырағы. Егер сол кітаптар ғұламалар кеңесінен сараптамадан өткен болса, алып оқуға болады. Енді екінші бір жағдай сатушыдан барып тікелей «бұл кітаптардың сараптама қорытындысы бар ма?», «көруге бола ма?» деп. Міндетті түрді сатушы ұсыну керек, — деп атап өтті Атырау облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Қаһарман Мусаев.
Діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де заттарды жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз сату ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңына қайшы. Заңды елемеген жеке тұлғалар 50 АЕК, заңды тұлғалар 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Үйде отырып, әлеуметтік желі арқылы діни кітап сатқандар да жауапкершіліктен құтылмайды.