CaspianLife, 26 қараша – «Тазалық» – қаланың ағын сулары мен өндіріс қалдықтары жиналатын «сасық сайды» табиғи қалпына келтіруді көздейтін экологиялық жоба.
Оның аясында Атырау мұнай өңдеу зауытының механикалық және биологиялық тазарту қондырғыларын қайта жаңғырту, нормативтік-тазартылған ағындар арнасын қайта жасақтау және бірнеше секторға бөлінген жерді құрғатып, толықтай рекультивациялау қарастырылған. Атырау қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бірегей жоба туралы жергілікті халық хабардар ма? Жалпы, тұрғындар «Тазалық» жобасы туралы не біледі? Осыны анықтау мақсатында сауалдама жүргізген едік.
Мәнсия ЕСЕНАМАНОВА, Атырау университетінің экология кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты:
1945 жылдан бері қаланың шірік суы төгілетін «сасық сай» біршама көлемді алып жатыр. Мүмкін құрылғылардың жаңа кезінде бәрі жақсы болған шығар. Бірақ уақыт өте олар ескіріп, ауа ластана бастады. Соңғы кезде осы мәселені шешуге байланысты жасалып жатқан жұмыстарды дұрыс деп есептеймін. Себебі, қалада күкіртсутектің құрамы жоғарылап кеткені бәрімізге мәлім. Танертең тұрған кезде де мүңкіген иісті байқаймыз. Кейбіреулер бұған тек АМӨЗ кінәлі деп ойлайды. Алайда олай емес. Негізінен, бұл – «сасық сайдан» шығатын жағымсыз иіс. Әсіресе, жазғы мезгілде күкіртсутек көп бөлінеді. Ал «сасық сайды» тазалау арқылы зиянды ауаның азаюына ықпал жасаймыз.
«Тазалық» жобасының жұмысы басталғалы бері ауаны тексерген кезде күкіртсутектің азайғанын байқадық. Бұны airkaz.org сайтынан да көруге болады.
Сол себепті, алдағы уақытта «сасық сай» толық тазаланған соң халықтың денсаулығы жақсарып, ауаның ластануы азаяды деп ойлаймын. Атырау мұнай өңдеу зауытының осы жобаны қолға алғанына ризамыз. Бірақ АМӨЗ тек осы жобамен тоқтамай, көгалдандыру, саябақ санын көбейту сияқты жобаларды да қолға алса екен деген тілегіміз бар.
Бибігүл ТАҢАТАРОВА, студент:
Жапонияда теңіз суын тазалап, тұщытатын технологияның арқасында оны ауызсу ретінде пайдалануға болады. Және оның денсаулыққа ешқандай зияны жоқ. Ал Еуропа мемлекеттеріне келетін болсақ, олар тұрғын үйлерден шығатын кәріз суын тазартып, жасыл желекті суаруға қолданады. Мәселен, XX ғасырда Швейцарияның ішкі сулары қатты лас болғаны соншалық, көп жерде суға түсуге тыйым салынған. Тіпті, лас судың кесірінен елді эпидемия жайлап, адам өлімі тіркелген. Жергілікті билік осыдан кейін ғана суға қатысты жаңа ережелер енгізіп, оны тазартуды қолға алған. Ал қазір қарасақ, Швейцария – ең таза су көзі бар мемлекеттердің қатарында. Біз бұл мысал арқылы төмен жағдайдан жақсы жетістікке жетуге болатынын көріп отырмыз.
АМӨЗ жасап жатқан «Тазалық» жобасы да осындай жобалардың бірі. Оның арқасында біз Жайық өзенінен алынатын судың мөлшерін қысқартпақпыз. Себебі зауыт жоба аясында өздері шығарған лас суды тазартып, кері қолданатын болады.
Арман АЗАМАТОВ, қоғам белсендісі:
Қала тұрғыны ретінде «сасық сайдың» тазаланып жатқаны мені қуантады. Себебі, 50-60 жылдан астам қалдықтың бәрі сол жақ жағалауға төгіліп келді. Ол жерде жылма-жыл қамыс өртеніп, қоқыс жиналып, оның бәрі буланып, ауаға ұшады. Мұның бәрі, әрине, XX ғасыр технологиясы.
Қайта өңдеу технологиялары дамыған XXI ғасырда кәрізді тазалау жүйелерін іске қосу, полигонды квадратты рекультивация жасап, тегістеу жобаларының қолға алынғаны дұрыс болды. Бұны экологияның жақсаруы деп есептеймін. АМӨЗ бен қала әкімшілігі бұдан да басқа экологиялық жобаларды болашақта қолға алады деп сенемін.
Тәуірбек БОЗЕКЕНОВ, журналист:
Атырау экологиясы – 20-30 жылдан бері қордаланып келе жатқан мәселе. Тізіп айтар болсақ, бірі оң, бірі сол бүйірден қысып тұрған кәріз сулары, жетпісінші жылдан бері таудай болып үйіліп жатқан қоқыс полигоны… Қазір «Тазалық» жобасы аясында АМӨЗ «сасық сайды» тазалауды бастады. Бұл жоба аясында булану алқабын кептіріп, одан бөлінетін зиянды қалдықтарды жоятын болады. Бұдан кейін, менің ойымша, Атырау қаласында оң өзгеріс болады.
Сондай-ақ, жергілікті белсенділер экологиялық мәселелерді көтеріп, АМӨЗ-ге жеткізіп, тал егу, зиянды қалдықтарға фильтр орнату секілді ұсыныстарын айтқан еді. Міне, қазір АМӨЗ «сасық сайды» тазалап жатыр, тал егу жұмыстарына белсенді қатысып жүр. Оған қоса, жақында ғана зиянды газдарды сыртқа таратпау үшін фильтр де орантты. Алайда бұл аздық етеді. АМӨЗ осы жобаларды екі есе арттырып, қоршаған ортаның жақсы болуына үлес қосу керек.
Альфия Аманғали, студент:
«Тазалық» жобасы жайында әлеуметтік желіден оқыдым. Бұл жобаның жүзеге асуы дұрыс. Жоба аяқталғаннан кейін ауамыз сәл болсын жақсарады деп үміттенемін.
2021 жылдың сәуір айында басталған «Тазалық» жобасы 2023 жылы толықтай аяқталады. Нәтижесінде зауытқа тиесілі 860 гектар жер қалпына келіп, ағын су тоқтайтын болады. Жобаны «Еуропа қайта құру және даму банкі» қаржыландырып, 80 миллион АҚШ долларын бөлген болатын.