CaspianLife,15 қараша – Атырауда жеке үйдегі жарылыстан кейін ауруханаға түскен үш науқастың екеуі көз жұмды.
Жарылыс 10 қарашада түнгі сағат 1:24-те Атырау қаласының Балауса шағын ауданындағы жеке үйде болған. Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылыс салдарынан жалпы көлемі 120 шаршы метр болатын тұрғын үй отқа оранды. Тұрғын үйдің төбе жабындысы мен бөлмелері толықтай өртеніп кетті. Өрт сағат 2:15-те оқшауланып, сағат 2:40-та өшірілген еді.
Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ауруханаға түскен үш адамның жағдайы ауыр екенін хабарлады. Науқастың екеуі – 19 жастағы екі жігіт жансақтау бөлімшесіне түскен. Ал, үшіншісі – 22 жастағы бойжеткен. Жансақтау бөлімшесіндегі науқастың бірінің денесін 90%, екіншісінде 85-90% күйік шалған. Екеуінің де жағдайы өте ауыр. Науқастың екеуі де жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ал, 1999 жылғы бойжеткен 25-30% күйікпен нейротравматолгия бөлімшесіне түсті. Оның да жағдайы ауыр.
«Облыстық аурухананың жансақтау бөлімінің дәрігерлері II және III дәрежелі күйікпен түскен 19 жастағы екі жігітке медициналық ем-дом шараларын жүргізді. Алайда, кеше, 14 қарашада денесінің 85-90%-ын күйік шалған 2002 жылғы жігіттің бірі қайтыс болды. Ал, бүгін, 15 қарашада 90-95% күйік алған екінші науқас – 19 жастағы жігіт көз жұмды» -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.