CaspianLife, 29 қазан – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жұмыс сапарымен Атырау облысына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысу үшін келді.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, биыл аталған бағдарлама іске асыру үшін 66 мың адам тұратын 16 ауылдық елді мекен таңдалған. Қазір бұл елді мекендерде 22 жоба іске асырылып жатыр. Оған республикалық бюджеттен 3,9 миллиард теңге бөлінген.
«Атырау облысында 153 ауылдық елді мекенде 300 мың адам тұрады. Бұл – облыс тұрғындарының жалпы санының 45%-ы. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемесі мен моделіне сәйкес облыста 40 тірек, 38 спутниктік, 15 стратегиялық елді мекен бар. Бұдан басқа 60 ауылдық елді мекен іріктелді. Қазір 5 ауылдық елді мекенде 5 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. Атап айтқанда, 4 ауылда кіреберіс және кентішілік жол жарықтандырылды. Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылындағы спорт кешеніне күрделі жөндеу жүргізілді» — дейді Қайрат Бекенов.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Исатай, Махамбет және Индер ауданындағы әлеуметтік нысандарын аралады.
«Ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бүгін Атырау облысында инфрақұрылымдық нысандар, мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар құрылысымен таныстық. Бұл нысандардың қалай жұмыс істейтінін көрдік. Ауылда медициналық көмек пен білімнің қолжетімділігі жоғары, жақсы деңгейде екеніне көз жеткіздік. Атырау облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру қарқынды жүріп жатқанын көрдім. Бұл бағдарламаның әр нысаны Үкіметтің ерекше бақылауында тұр» — деді Алексей Цой.