CaspianLife, 22 қазан – Жылдың 9 айында еліміз бойынша тіркелген 30 еңбек дауының 28-і Маңғыстау облысында болған.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев осындай дерек келтірді.
«Еңбек дауларына келетін болсақ, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, елімізде 30 осындай шиеленіс болды. Біз бұл жерде кәсіпорын жұмысы 3 сағаттан артық тоқтап тұрған оқиғаларды есепке аламыз. Соның 28-і Маңғыстау облысында болды. Өздеріңіз білесіздер, қазір Маңғыстау облысындағы жағдай оңай емес. Бұл жөнінде Президент тапсырма берген. Бұл жерде ахуалды түгел зерттеу үшін арнайы орталық құрылып отыр. Ол орталыққа біздің мамандар да кірді. Қазір тиісті жұмысты істеуге кірісті», — деді Ербол Нұрғалиев.
Аталмыш брифингіде ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов жұмыс берушілер вакцина алмағандарды жұмыстан өтемақысыз шеттете алатынын айтты.
«Еңбек кодексінің талаптары бойынша бүгінгі таңда жұмыс берушілер республиканың немесе өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысы негізге ала отырып, вакцина алмаған және ПТР тестіден өтпеген жұмысшыларды еңбекке араластырмауы керек. COVID-19-бен ауырған адамды жұмысқа жібермеу керектігі туралы тікелей норма болмағанымен, Еңбек кодексінің 48-бабының 1-бөлігінде заңнамалық және мемлекеттік органдар шығарған актілер негізінде еңбектен шектеуге жол берілетіні айтылған. Яғни, Денсаулық туралы кодекс бойынша Бас санитар дәрігердің қаулысын орындау міндетті. Сондықтан қазіргі таңда жұмыс берушілер вакцина алмаған жұмысшыларды еңбектен шектеуге құқылы. Тіпті жұмыстан шеттетілген уақытта айлық төлемей де шектей алады. Бірақ екіжақты келісім болса, айлықтың 50 пайызын немесе ең төменгі ебекақы мөлшерін төлей алады. Бірақ екі жақтың да келісімі болғанда ғана осылай болуы мүмкін», — деді Төлеген Оспанқұлов.
Фото: Манас Калыртай