CaspianLife, 17 қыркүйек — Ыстамбұлда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ескерткіш монетаның тұсаукесері өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Стамбулдағы Бас консулы Алим Байель, Түркияның Монета сарайының директоры Абдуллах Ясир Шахин, ғылыми орта өкілдері мен журналистер қатысты.
Бас консул Алим Байель күміс монетаның дизайны Монета сарайымен бірлесіп жасалғанын және Қазақстанның бай тарихын және оның түркі әлемінің бесігі ретіндегі рөлін бейнелейтінін атап өтті.
Елші Абзал Сапарбекұлы жаңа монета бауырлас Түркияның Тәуелсіздігіміздің мерейтойына арналған бірегей сыйы және Қазақстанға деген ерекше құрмет белгісі екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Абдуллах Ясир Шахин өзі басқарып отырған Түркия Республикасының Монета сарайының тарихы 1467 жылдан бастау алатынын атап өтіп, Түркия үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай осындай сыйлық жасау үлкен қуаныш екенін айтты.
Монетаның сырт жағында Қазақстанның ұлттық туы және түрік тілінде «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» деген жазу бейнеленген. Сыртқы жағының ортасында Қазақстан картасы бейнеленген. Картаның ішінде латын әріптерімен қазақ тілінде Qazaqstan жазылған. Сондай-ақ картаның ішінде түрік тілінде қазақ жерінде өмір сүрген бірқатар тарихи мемлекеттердің атаулары жазылған. Атап айтқанда, сақтар, ғұндар, Түркі қағанаты, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Ал жоғарғы бөлігінде Орхон-Енисей ескерткіштерінің көне түркі алфавитінде «түркі» сөзі жазылған. Төменгі бөлігінде «қошқармүйіз» ою-өрнегі бейнеленген.
31 грамм күмістен құйылған және әлдеқайда қымбат тұратын монетаның номиналды құны — 30 лира. Алим Байель мұндай монеталардың әдетте 20 лира номиналы бар екенін, алайда түрік тарапы Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ерекше жағдай жасағанын атап өтті.
Естелік монета түрік монетасының ресми сайтында сатылады. Таралымы 3000 дана. Абзал Сапарбекұлы мен Алим Байел монетаға отандық, түрік және халықаралық коллекционерлер үлкен қызығушылық танытатынына сенім білдірді.