CaspianLife, 8 қыркүйек — Қазақстанда дүкендер мен базарларда күнбағыс майының бағасы бір айда 2,2% — ға және бір жылда 66,8% — ға өсті. Соның ішінде өнім тамыздың соңғы аптасында 0,4% — ға қымбаттаған. Еліміз бойынша бір литр күнбағыс майының орташа бағасы 760 теңгені құрап отыр.
Ең жоғары баға Атырауда (849 теңге), Ақтауда (827 теңге) және Нұр-Сұлтанда (820 теңге) және ең төмен баға Петропавлда (649 теңге), Семейде (684 теңге) және Өскеменде (690 теңге) тіркелді.
Бұл ретте, бірінші жартыжылдықта тазартылған және тазартылмаған өсімдік майының отандық өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 5,8% — ға артып, 278,5 мың тоннаға жеткен. Оның көлемінің басым бөлігі «Май» АҚ, «Өскемен май зауыты» ЖШС, «Евразиан Фудс Корпорейшн» АҚ, «ЭФКО Алматы» ЖШС, «Масло-Дел» ЖШС және басқа ірі өндіруші компаниялар жұмыс істейтін Шығыс Қазақстан облысының, Шымкент пен Алматының үлесіне тиді.
«Барлық өндірістің үштен бірінен астамы тазартылмаған күнбағыс майына тиесілі болды: 107,5 мың тонна – бір жыл бұрынғыға қарағанда 6,5% — ға артық. Сондай-ақ, елде тазартылған күнбағыс майын өндіру көлемі де артты: 38,6% — ға, 88,1 мың тоннаға дейін», — делінген хабарламада.
Жергілікті компаниялар өсімдік майына сұранысты 80,5% — ға қамтамасыз ете алды. Жарты жыл ішінде оның өндірісі елімізде 3,9% — ға, 241,1 мың тоннаға дейін өскег. Экспортқа 85,2 мың тонна май жөнелтіліп (жылына -30,2%), импорт 58,5 мың тоннаға дейін төмендеген (жылына -21,8%). Жергілікті компаниялар күнбағыс майына сұранысты 81,9% — ға қамтамасыз еткен көрінеді.
Кеше Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров тұрақтандыру қорларының жұмыс принципін, оның ішінде маусымаралық кезеңде, қаңтардан мамырға дейін қайта қарауды және оларда қала халқының қажеттілігінен 30% көлемінде картоп, сәбіз, қырыққабат және пияздың, сондай-ақ, қарақұмық жармасының, күнбағыс майының бес айлық қорын құруды ұсынды. Оның баяндамасына сәйкес, күнбағыс майын сатып алу көлемі 28,5 мың тоннаны құрайды.