CaspianLife, 7 қыркүйек — Атырауда «Бастау Бизнес» жобасының түлектері «Атамекен-Атырау бизнес қолдау» микроқаржы ұйымы арқылы несие ала алады.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаева хабарлағандай, бүгінгі таңда өңірде «Бизнес Бастау» жобасының 50 түлегі жалпы сомасы 415,4 млн.теңгеге жеңілдетілген несие алуға өтінім берген. Оның айтуынша, «Атамекен-Атырау бизнес қолдау» микроқаржы ұйымы «Бастау Бизнес» бойынша оқып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша тиісті сертификат алған азаматтардың жобаларын қаржыландыру мақсатында құрылған. Оның басты артықшылығы — несиелер 7 жылға дейінгі мерзімге адал кепіл саясатымен және қандай да бір комиссиясыз жылдық 6%-бен беріледі.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2017-2020 жылдар аралығында өңірде барлығы 5 675 адам оқудан өтіп, оның ішінде 1 427 қайтарымсыз грант, 623 — жеңілдетілген кредит алған. Ағымдағы жылы 1 000 адамды оқыту жоспарланған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 902 адам оқуды аяқтау туралы сертификатқа ие болды, оның ішінде 300 түлек жалпы сомасы 256,5 млн.теңгеге несие алған. Бесінші лек аясында, бүгінде 143 адам оқудан өтуде.
«Бастау Бизнес» жобасының түлектері үшін қаржыландыру мәселесінің өзектілігін ескере отырып, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы (ҰКП) микроқаржы ұйымын (МҚҰ) құру идеясын ұсынған. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап МҚҰ мамандары өтінім қабылдауды бастады. Бүгінде несиелеу бойынша жалпы сомасы 415,4 млн. теңгеге елу жоба қаралуда, құрылыс саласындағы 8,5 млн.теңге сомасына бір бизнес-жоба мақұлданыпты. Сонымен қатар, республика бойынша «Бастау» түлектерінің жобаларын қаржыландыруға барлығы 22,5 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде 1 млрд.теңге Атырау облысы бойынша.
Несиелер бизнес-жоспарларын сәтті қорғаған «Бастау» жобасының түлектеріне кәсіпкерлік қызметтің барлық түрін дамытуға беріледі. Алайда, микроқаржы ұйымы жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін және жылжымайтын мүлікті сатып алу, кредиттік берешекті қайта қаржыландыру, қолда бар кредиттерді өтеу, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттар бойынша жобаларды қаржыландырмайды. Несиелеу мерзімі — бес жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін жеті жылға дейін.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың айтуынша, несие алуға өтінімді рәсімдеу үшін белгіленген нысандағы өтініш пен клиенттің сауалнамасын ұсыну қажет. Бұдан басқа, жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, патент (салыстырып тексеру үшін көшірмелер мен түпнұсқалар), өтініш берушінің жеке куәлігі, кредиттік тарихы, банктерде және салық органдарында берешектің жоқ екені туралы анықтамалар, кепілді қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар талап етіледі. Ауыл тұрғындары Атырау облысы Кәсіпкерлер Палатасының филиалдарына жүгіне алады.