CaspianLife, 2 қыркүйек — Қазақстан мен Катар арасында тұрақты әуе қатынасы ашылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Доха мен Алматы қалалары арасындағы алғашқы рейс 15 қазанда орындалатынын хабарлады.
Әуе қатынасын ашу мәселесі 31 тамызда Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында талқыланды. Азаматтық авиация комитеті мен Катардың авиациялық билігі арасында келісімге қол жеткізілді. Доха мен Алматы арасындағы рейсті 15 қазаннан бастап Qatar Airways авиакомпаниясы орындайды деп жоспарлап отыр.
«Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және авиакомпания сайтында жарияланған кестеге сәйкес А-320 типті әуе кемесінде аптасына екі рейс жиілігімен, дүйсенбі және жұма күндері жоспарланады», – деп нақтылады ИИДМ.
Qatar Airways авиакомпаниясы бүкіл әлем бойынша 160-тан астам тағайындау пункттерін біріктіре отырып, алты құрлықта ұшуды жүзеге асырады. Әуе кемелер паркінде 200-ден астам ұшақ бар.