CaspianLife, 2 қыркүйек — Халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары бірінші орын үшін – 1500 АЕК (4 375 500 теңге), екінші орын үшін – 1000 АЕК (2 917 000 теңге) және үшінші орын үшін-500 АЕК (1 458 500 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйлықтармен марапатталатын болады. Сондай-ақ, жеңімпаздарды дайындаумен айналысқан педагогтар мен тәлімгерлер біржолғы ақшалай төлем алады, деп хабарлады Білім министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.
Аталған шаралар дарынды балаларды ынталандыруға бағытталған. Оларды жүзеге асыру үшін «Білім туралы» Заңға толықтырулар енгізіледі.
«Зияткерлік бағыттар бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушыларды ынталандыру және қолдау мақсатында номиналы алтынға — 1500 АЕК, күміске — 1000 АЕК, қола жүлдеге — 500 АЕК ақшалай сыйлықтарын тағайындау жоспарлануда. Сондай – ақ, жеңімпаздарды дайындаған педагогтар мен тәлімгерлерге бір реттік ақшалай сыйлықтар беріледі», — деді министр.
Одан бөлек, жақын арада зияткерлік, шығармашылық, спорттық бағыттар бойынша халықаралық олимпиадалардың және WorldSkills жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына түсу кезінде білім беру гранттарын ұсыну туралы мәселе де шешілетін болады.