CaspianLife, 1 қыркүйек — ҚР Қаржы мониторингі агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Маңғыстау облысында су тазарту қондырғысын салуға бөлінген қаражатты ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаменті аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жедел тергеу іс-шаралары барысында 2017 жылы «Бейнеу аудандық құрылыс бөлімі» ММ мен мердігер ұйым арасында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Сарға ауылында 477,6 миллион теңге сомасына су тазартқыш ғимараты мен кентішілік су құбыры құрылысына мемлекеттік сатып алу шарты жасалғаны анықталды.
«Сот-құрылыс сараптамасының қорытындысына сәйкес орындалмаған жұмыстардың сомасы 203,6 миллион теңгені құрайды. Мемлекеттік мекемелердің құрылымдық бөлімшелерінің және құрылыс саласындағы мердігерлік ұйымдардың басшылары тұлғасында күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген ҚР ҚМА баспасөз қызметінің хабарламасында.