CaspianLife, 23 тамыз — «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) бақылауға алынбаған жалғыз Панджшер провинциясын басып алу үшін 100-ден астам содыр жіберген. Олар жақында тәліптерге ұрыссыз берілуден бас тартқан болатын.
Риа Новостидің хабарлауынша, «Талибан» политофисінің өкілі Мұхаммед Наим «Аль-Хадас» телеарнасына берген сұхбатында бұл қадам Ауғанстанды біріктіру үшін қажет екенін айтты.
«Біздің мақсатымыз — елді біріктіру, әр елде әртүрлі режим болуы мүмкін емес. Алайда, кейбіреулер проблема тудырғысы келеді. Егер мәселені өзара тыныш жолмен шешу мүмкін болмаса, соңғы шешім соғыс болып қала береді», – деп түсіндірді Наим.
34 ауған провинциясының арасында жалғыз Панджшер провинциясы тәліптерге берілген жоқ. Содырлар 1996 жылы да Ахмад Шах Масуд бастаған «Солтүстік альянстың» қарсылығына байланысты Панджшерді ала алмаған.
Қазір қарсылық майданының жетекшісі — оның ұлы Ахмад Масуд. Ол өткен аптада «Талибан» билігін мойындамайтынын мәлімдеді және батыс елдерінен қару сұрады. Сондай-ақ, оның қатарына Маршал Абдул-Рашид Дустум мен мыңдаған жауынгер қосылды деген де ақпарат бар.
Кеше ғана «Талибан» қозғалысы Панджшер провинциясына соғыссыз берілуге төрт сағат уақыт берді, бірақ олар бас тартты. Сол шешімнен кейін тәліптер тарапынан аймақты басып алу операциясы басталды.