CaspianLife, 18 тамыз — Маңғыстау облысында кенелер көбейіп малға шабуыл жасауда. Түйелер мен жылқылар соның салдарынан өліп жатыр. Фермерлер мұның себебі құрғақшылық деп отыр. Облыстың ветеринария басқармасы да өз нұсқасын айтты.
Маңғыстау облысындағы шаруагер Бердіхан Аленовтың осы кенеден 5 ботасы өлген.
«Биыл Маңғыстауда қатты құрғақшылық болды, соның салдарынан кенелер де көбейе түсті. Олар жануарларға шабуыл жасайды. Ал құрғақшылықта жем-шөп жетпей, арықтап қалған түйелер мен жылқыла оларға қарсы тұра алмайды. Біздің Боржақты ауылында шамамен 20 шаруашылық зардап шегіп отыр», — деді фермер.
Оның айтуынша, қораға жәндік толып малға шабуыл жасаған. Әр екі-үш күн сайын дезинсекция жасаса да паразиттердің шабуылынан құтыла алмай отырған көрінеді.
Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы эпизоотиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Әділет Қазтұрған жәндіктің көбеюінің себебі малдың биыл жайылымға шықпағандығымен байланыстырды.
«Шындығында, кенелер көбінесе құмды топырақтарда жүреді. Бірақ, биыл жыл бойы жануарларды бір жерде ұстағандықтан олардың саны артып отыр. Мал барлық уақытта қорада болады, ал үй-жайлар тиісті түрде механикалық тазартылмайды. Дезинсекция жасамас бұрын алдымен бүкіл сарайды тазалап, оны ағартып, көң мен шөп қалдықтарынан механикалық тазарту қажет. Содан кейін ғана дезинсекция жасалады. Жануарларды әртүрлі паразиттерге қарсы егу керек. Жануарлар 12 ай бойы бір жерде болғандықтан, кенелер де сол жерде белсенді түрде шоғырлана бастайды», — деді маман.
Оның айтуынша, жергілікті бюджетте паразиттерді жоюға қаражат қарастырылмаған, сондықтан фермерлер бұл мәселені өздері шешуі керек.