CaspianLife, 17 тамыз — Өткен жылы Маңғыстауда банк қызметкері клиенттердің шотынан 90 миллион теңге ұрлап, букмекерлік кеңсе арқылы қаражаттың бір бөлігін қолма-қол ақшаға айналдырған. Қылмыс фактісі дәлелденді, сот алаяқты бес жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды қаржы мониторингі агенттігі.
«2020 жылы Маңғыстауда банк қызметкері клиенттердің шотынан 90 миллион теңгеден астам ақшаны заңсыз алған. Сөйтіп ол қаражаттың бір бөлігін букмекерлік кеңсе арқылы қолма – қол ақшаға айналдырды», — делінген хабарламада.
Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі Қазақстандағы букмекерлік кеңселердің қызметін «ойын бизнесі туралы» заң реттейтінін, алайда онлайн-казиноның жұмыс істеуіне тыйым салынғанын еске салды.
Атап айтқанда, Алматыда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін «PariMatch», «ВК Triumph», «Фаворит» және «PROFITBetting» букмекерлік кеңселерінің қызметкерлері айыпталды. Компаниялар құқыққа қарсы іс-әрекет жасаса лицензиядан айырылады.