CaspianLife, 16 тамыз — Шаң басудың ерекше тәсілі. Әлеуметтік желіде құрылыс жүріп жатқан Атырау-Астрахань тас жолы бойындағы Исатай ауданына қарасты Исатай ауылының маңында болған жағдайдың видеосы тарап жүр.
Сол жерден әрлі берлі өтіп жатқан жүргізушілердің бірінің айтуынша, жолға су емес, мұнай себілуде. Оқиғаға қатысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының басшылығы жауап берді. Олардың сөзінше мердігер компания Нарын, Бақсай каналдарындағы су мөлшерінің азаюына байланысты, суды Таңдай ауылының тұсындағы шұңқырдан алған. Алайда, су құрамының күмән тудыруына байланысты шашуды тоқтатыпты. Ал, Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары оқиға орнынан сынама алып, зерттеп жатқан көрінеді.
Осы аталған мәселе бойынша департамент мамандары 2021 жылғы 15 тамыз күні жылжымалы лабараториямен бірге Исатай ауданына барып талдама жасау үшін сол жердегі топырақтан сынама алды. Сондай-ақ, қосымша суреттермен бейнежазбалар жасалды. Басқа ақпараттар сынама қорытындысы шыққан соң хабарланады, — деп жауап берді Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз хатшысы Эльнара Оралова.