CaspianLife, 21 шілде — Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ГМ-172/6 мекемесіндегі жатақхананың ішінара құлауы салдарынан қаза болғандар саны үшке дейін өсті. ТЖ себептері анықталуда.
Зардап шеккен 8 адам ауруханаға жеткізілді. Тексерістен кейін олардың төртеуі мекемеге қайтарылды. Қалғаны дәрігер бақылауында.
«Зардап шеккендердің бірі ауыр халде, үшеуі орташа ауырлықтағы түрлі жарақаттар алған. Оларға туыстарымен бейне байланыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік берілді», – делінген хабарламада.
Ауруханада жатқан сотталғандарға ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров пен ҚАЖ комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов келген.
Сондай-ақ, ҚАЖ комитетінің өкілдері қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Зардап шеккен сотталғандарға және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі.
Маңғыстау облысының полиция департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 278-бабының 3-бөлігі (адамдардың өліміне әкеп соққан сапасыз құрылыс) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тиісті сараптама да тағайындалған.
Сондай-ақ, арнайы комиссия осы ҚАЖ мекемесінің аумағындағы барлық ғимараттарға техникалық тексеру жүргізбек.
Бұған дейін Маңғыстау облысындағы колонияда жатақхананың құлауы кезінде екі адам қаза тапқандығы туралы хабарланған болатын.