CaspianLife, 14 шілде — Бүгінде конкурсқа қатысуға өтінім берген бизнес субъектілері қызмет деңгейін өзін-өзі бағалау бойынша есептерді және сапа саласындағы нақты нәтижелерді дайындаумен айналысады, оларды сараптамалық топ одан әрі бағалайды.
ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы ұйымның өнім немесе қызмет көрсету сапасы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені, сондай-ақ сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізгені үшін конкурстық негізде беріледі.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Толқын Тілемісованың айтуынша, байқауға қару-жарақ пен әскери техника өндірісінен басқа, тауар өндірумен, қызмет көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.
Бұл ретте мемлекеттің қатысу үлесі 50% — дан асатын ұйымдар, сондай-ақ өздеріне қатысты белгіленген тәртіппен оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру туралы шешімдер қабылданған ұйымдар конкурсқа жіберілмейді.
Хабарланғандай, биыл «Алтын сапа» байқауына қатысуға бес атыраулық кәсіпорын өтінім берген. Атап айтсақ:
-Отын-энергетика кешені кәсіпорындарында жабдықтар мен құбыржолдарды жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстар кешенін жүзеге асыратын «ИНТРА» Сервистік Компаниясы» ЖШС;
— Күзет қызметтерін ұсынатын «ПЦН Күзет» ЖШС;
— Механикалық шамаларды өлшеуге арналған аспаптарды шығарумен айналысатын «KMG Automation» ЖШС;
— ЖШС «SolarA.kz» жылжымайтын мүлікті салуға және сатумен айналысды;
— Қонақ үй қызметтерін ұсынатын «Sultan Palace Hotel» ЖШС.
Толқын Тілемісова атап өткендей, сыйлық шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт номинация бойынша беріледі:
- «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын»;
- «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын»;
- «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»;
- «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын».
Байқауда «Үздік индустриялық жоба», «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлықтары бекітіледі. Қатысушылар алдыңғы үш жыл ішінде шығарылатын өнімнің немесе көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасын растауы тиіс.
Конкурс жыл бойы өткізіледі және мынадай негізгі кезеңдерден тұрады: бизнес субъектілерінен өтінімдерді жинау, сараптама тобының алдын ала бағалауын өткізу, финалистерді анықтау, кәсіпорынға барып конкурс финалистерін бағалау және сыйлық лауреаты атақтарын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы. Сыйлық лауреаттарына тиісті диплом, конкурстың эмблемасы және 450 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйақы тапсырылады. Лауреаттар төрт жыл бойы «Алтын сапа» конкурсының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.
Өңірлік палата өкілі бүгінгі таңда бизнес субъектілерінен «Ұлы дала елі» ортақ брендін пайдалану құқығын беру конкурсына қатысуға өтінімдер қабылдау басталғанын айтты.
Конкурстың негізгі мақсаты тауарларды экспорттау кезінде отандық компанияны және оның жоғары сапалы өнімін «Ұлы дала елі» ортақ брендімен ынталандыру және позициялау, елдің шет елдерде танымалдығын арттыру болып табылады.
«Ұлы дала елі» ортақ бренді Қазақстанның брендін халықаралық нарықтарда ілгерілететін Қазақстанның үздік отандық тауар өндірушілеріне беріледі.
«Жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары» көрме — конкурсына келетін болсақ, ағымдағы жылы ол карантиндік шектеулер себебінен кейінге қалды», — деп атап өтті толқын Тілемісова.