CaspianLife, 8 шілде — 14 шілде күні кешкі сағат 18:00-ден кейін аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталады. Осыған байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ-қа осы уақытта кандидаттардың үгіт материалдарын тарата алмайтындықтарын ескертті. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланды.
Министрліктің ақпараты бойынша, сайлау алдындағы үгіт 2021 жылғы 24 шілде сағат 00:00-де аяқталады.
«Бұқаралық ақпарат құралдары эфир мен баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер жарияланғанға дейін кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыру, тарату үшін эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бере алмайды (осы норманы бұзу лауазымды адамдарға – 30 АЕК мөлшерінде, заңды тұлғаларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады). Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау бойынша эфир және баспасөз алаңын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер аумақтық сайлау комиссияларына ұсынылуы тиіс», – деп түсіндірді ведомствода.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың 25 шілдесінде 700-ден астам ауылдық округте әкімдер сайлауы өтеді. Қалған ауылдық округтерде сайлау жұмыс істеп тұрған әкімдердің өкілеттігі біткеннен кейін өтеді.
Жыл соңына дейін республикада жаңа нормалар енгізілгеннен кейін 755 ауыл әкімі қолданыстағы өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлауды қамтамасыз етуге және өткізуге 4,7 миллиард теңге көлемінде қаражат көзделген.