CaspianLife, 29 маусым — 2021 жылғы қаңтар-мамырда қазақстандық салымшылардың зейнетақы жинақтары 211 миллиард теңгеге немесе 1,6% — ға азайды. Маусым айының басында олардың көлемі шамамен 12,7 триллион теңгені құраған. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 10,9 миллионды құрады. Зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» табыс көлемі 6,2 триллион теңгеге жетті.
«2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 40,5% және 25,5%) алады», – делінген хабарламада.
Бұдан басқа, қазақстандық төлем карточкалары арқылы жасалған транзакциялардың 7,4 триллион теңге сомасына 532,1 миллионға дейін ұлғаюы байқалады. Банктердің кредиттеу көлемі 3,6% — ға өскен. Көбінесе өнеркәсіп, сауда, құрылыс және көлік кәсіпорындары несие алған көрінеді.