CaspianLife, 11 маусым — Маңғыстау облысы соңғы 3 жылда тұрғын үй құрылысы бойынша республикадағы үздік үштіктің қатарына кіреді. Өңірде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша да, мемлекеттік бағдарламалар бойынша да құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде. 5 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 9,1% — ға өсіп, 55,5 млрд теңгені құраған.
5 ай ішінде Маңғыстауда 440 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2962 отбасы пәтер сатып алды.
«Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 200 отбасыға тұрғын үй сертификаттарын береміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1587 пәтер бөлінеді, оның 181 — і көпбалалы отбасыларға беріледі. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспары аясында оның тұрғындарына Ақтау қаласында 100 — ге жуық пәтер беріледі», — деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі С.Трумов.
Сонымен қатар, «5-10-20» бағдарламасының «Шаңырақ» пилоттық жобасы аясында 243 пәтер бөлінген. «Нұрлы жер» бағдарламасының кредиттік тұрғын үй желісі бойынша 86 мың шаршы метр пайдалануға беріледі. Қорыта айтқанда, биыл 1,2 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.