CaspianLife, 8 маусым — Сарайшық ауылының тұрғындары археологтардың жұмысына қарсылық білдіруде. Оған тарихшылардың ескі Сарайшық қаласы аумағынан «Хандар моласын» іздеп, зерттеу жұмыстарын бастауы себеп болып отыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар қазба жұмыстары кезінде марқұмдардың тума-туыстарының келісімінсіз мәйіттерді басқа жерге көшірген.
Қазба жұмыстары жүріп жатқан жер қазір қараусыз қалған. Археологтардың құрал-жабдықтары шашылып жатыр. Тұрғындарға сенсек, әрлі-берлі жүргендер адам сүйектерін басып өтеді екен. Ал зерттеушілер бұл малдың сүйегі дегенді айтады.
Құлпытастар болса қазба жұмыстары басталмай тұрып құлап қалған. Сөздеріне сенсек, дерегі табылған 7 мәйіт көшіріліп, бастарына белгітас қойылыпты.
Ескі қорымдағы 20 сүйек осы орынға қайта жерленіпті. Бірақ, бейіт басына марқұм туралы дерек жазылмаған. Өйткені, туысқандары табылмапты.
Құлпытастағы және мәрмәр тастағы сандар бір-біріне сәйкес келмейді. Алайда, зерттеушілер «деректің бәрі өз құжатымызда жазулы, ағайыны іздеп келген жағдайда тауып бере аламыз» деп отыр. Ал басқа молалар қазба жұмыстары біткенше көшірілмейді деп сендірді.