CaspianLife, 1 маусым — ПОЛИСАРИО фронтының басшысы, сондай-ақ, кей мемлекетке Сахара Араб Демократиялық Республикасының президенті болып танылған Брагим Гали испан сотының алдында видеобайланыс арқылы жауап беретін болды. Ол Марокко билігінің өзіне таққан азап көрсету және геноцид жасау айыбы бойынша жауап береді.
Жалпы, Гали 1970 жылдардың ортасынан бастап Батыс Сахараның тәуелсіздігі үшін қарулы күрес жүргізуімен танымал. Өйткені, ол сырттай иемденген аумақ испан басқыншыларынан кейін Мароккоға лажсыз қосылған еді.
Қазіргі уақытта Брагим Гали Мадрид ауруханаларының бірінде коронавируспен күресуде. Испан билігінің бұл әрекетіне өкпелеген Марокко тарапы өз территориясында орналасқан испаниялық Сеута және Мелилья қалаларына босқындарды қасақана түрде кіргізе салған. Бұл жағдай екі ел арасындағы жағдайды күрделендіріп жіберді. Осыған орай, Испания премьер-министрі Педро Санчес Рабаттың әрекетін ресми түрде айыптады.
«Ішкі саясатта келіспеушілік болды деп, басқа мемлекетке тиесілі қалалардың шекарасын ашып жіберу ақылға қонбайды. Испан қалаларына 10 мың иммигрантты кіргізу – қате әрекет», — деді ол.
Испания Брагим Галиді өздерін табиғи газбен қамтамасыз етіп отырған Алжирдің өтінішімен ғана елге енгізген. Сондай-ақ, Алжир – Батыс Сахара мен ПОЛИСАРИО фронтының ең негізгі одақтасы.