СaspianLife, 31 мамыр — «Артық қыламын деп тыртық қылды». Испания поштасы теңсіздік пен расизммен күреске бағытталған марка шығарып, басы дауға қалды.
Әртүрлі түстен басқа ешқандай сурет салынбаған 4 марка Джордж Флойдтың қайтыс болуына 1 жыл толғанына байланысты шығарылған еді. Идея авторларының айтуынша, мұндай хаттар жан-жаққа нәсілдік теңсіздікке қарсы пиғылмен жолданып отыратын көрінеді.
Бірақ даудың басы ашық түсті марканың ең қою түрінен 1 еуроға қымбат бағалануынан басталып отыр. Сыншылар ойсыз бекітілген құн бүкіл сенімді быт-шыт қылдыға балайды.
Антирасистік ұйым өкілдері поштаның бұл бастамасы нәсілдік теңсіздікке назар аударғысы келгенмен, нақты идеяға келгенде әлі де ойлану керектігін айтады.
«Испанияда жағдайды тым күрделі деп ойлауға негіз жоқ. Расизм туралы әңгіменің айтылатынын жоққа шығармаймыз, бірақ тап осы жерде түсінбеушіліктің болғанын мойындауымыз керек. Мұндай ағаттық келесі қадамдарды дұрыс басуға әкеледі. Жалпы, біздің өмір жақсара түсіп, адамдар оған куә болуы тиіс», — дейді SOS Racismo Madrid ұйымының экс-басшысы Моха Гереху
Испания поштасы әзірге жұмған аузын ашар емес. Мекеме әлеуметтік мәселеге келгенде қимылсыз қалмайтынын бұған дейін де дәлелдеген. Былтыр олар ЛГБТ ұйымдарына арналған марка бастырып, жұмыс көліктері мен жәшіктерін түрлі-түсті бояумен әрлеген еді.