СaspianLife, 28 мамыр — Атырау қаласы, Алмагүл ықшам ауданында 27 мамыр күні, шамамен сағат 18:00-де 18 жастағы бойжеткен өз-өзіне қол жұмсады.
«Алмагүл ықшам ауданында бүгін 16 қабатты үйдің 8-ші қабатынан 2002 жылы туған бойжеткен секіріп, көз жұмды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 105 – бабы («Өзін-өзі өлтіруге жеткізу») бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мұндай әрекетке бармас бұрын, жас қыз отбасына арнап хат та жазып кеткен көрінеді. Онда ол отбасынан кешірім сұрап, ішінде өзінен де күшті біреу бар екенін және әжесінің жанына оралатынын жазған.
Бұл Алмагүл ықшам ауданында соңғы екі аптада болған екінші суицид оқиғасы.
Еске салсақ, 15 мамыр сағат 14:52 шамасында әйел адам 9-қабаттан секіріп кеткен болатын. 41 жастағы Атырау тұрғыны оқиға орнында қаза тапты. Ол іске қатысты тергеу жұмыстары әлі де жалғасуда.