Облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер дәрігерлерімен кездесті. Жиында сайлауалды бағдарламада медицина саласына баса назар аударылғаны айтылды. Партиялықтар алдағы уақытта тәжірбие алмасу үшін 25 медицина қызметкерін шетелге жіберуді жөн көріп отыр.
Бірақ олар тек жоғары дәрежелі дәрігерлерді ғана емес , мейірбикелердің де шеберліктерін шыңдауға ниетті екендерін жеткізді.
Балзия ТАСЫМОВА, Атырау облыстық ауруханасы нейроинсульт орталығының аға мейірбикесі
«Nur Otan» партиясымен кездесу өтті. Медицина саласына қатысты сұрақтарымызды қойдық. Жауаптарымызды алдық. Енді сайлауға қатысамыз, дауыс береміз.
Жиында облыстық аурухана қызметкерлері маман жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Партия мүшелері қойылған сауалдардың бәрі ескерілетінін айтып, ұсынысты жоғары жаққа жеткізуге уәде етті. Сондай-ақ, бағдарлама облысқа 10 медициналық мекеме салу мен орталықтарды 800 медициналық құрылғымен қамту көзделгені айтылды. Бұдан бөлек, ақхалаттылардың жалақысын 2 есеге өсіру, жедел-жәрдем стансасын автокөліктермен қамтамасыз ету жолға қойылмақ. Облыстық мәслихатқа кандидат Айман Өтегенова өзінің медицина саласындағы 30 жылдық тәжірбиесін алға тартып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созатынын айтты.
Айман ӨТЕГЕНОВА, «Nur Otan» партиясы атынан облыстық мәслихатқа кандидат
Өзім дәрігер болғандықтан нақты денсаулық сақтау саласының бағдарламасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Соның ішінде мүгедектер мәселесі. Былай айтқанда, 3 топ мүгедектері – еңбекке жарамды адамдар. Сол еңбекке жарамды адамдардың денсаулығын нығайтып, дұрыс сапалы көмек көрсетіп, оңалту жұмыстарын дұрыс деңгейде жүргізсек, ертең-ақ жұмысқа толық жарамды болады.
Көтерілген көп мәселенің ішінде әлеуметтің осал топтарына тегін берілетін дәрі-дәрмектерді көбейту жайы да айтылды.