Индерде мал қырылып жатыр. Тұрғындардың сөзінше, ауданға қарасты Жарсуат ауылында 20 шақты ірі қара өлген.
Лаура Капашеваның бір сиыры өрістен сол күйі қайтпады, ал қалған біреудің сүтін сауып, соғым қылудың өзі қорқынышты.
Лаура ҚАПАШЕВА, Жарсуат ауылының тұрғыны
Кеше бүгін-ертең туайындеп тұрған жас сиыр өлді. Тағы да буаз мал арам қатайын деп жатыр. Ішіндегі бұзауы тулап жатыр. Сойса, еті жарамайды дейді, енді не істейтінімізді білмеймін.
Азын-аулақ малмен жан бағып отырған кей жұрттың қорасы қаңырап тұр. Тұрғындар төрт түліктің пияздан уланғанын айтады. Себебі, ірі қара жергілікті фермерге тиесілі егістік алқапта жайылған. Ал ондағы көкөніске қосылған химиялық тыңайтқыш тым көп болуы мүмкін.
Жағдайдың нақты себебі әзірге белгісіз. Арнайы комиссия тергеуді енді бастамақ. Жапа шеккендердің шаруа қожалығына деген өкпесі қара қазандай. Уақытында сынама алмаған әкімдікке де ашулы.
Дарын ШАМҰРАТОВ, Индер ауданы әкімінің орынбасары
Өлген малдардан сынама алынып, облыстық мал дәрігерлік зертханасына жолданды. Қорытындысы бір аптада шығатын болады. Ал өтемақыға келетін болсақ, нәтижесі шыққанан кейін тиісті шараларды қарастыратын боламыз.
Бар малынан айырылып, жер сипап қалғандардың енді қорытындыны күтуден басқа амалы жоқ.