Жәния Хабирова қолөнермен алты жылдан бері айналысып келеді. Алғашында газеттен себет тоқып, өзінің әр жұмысын әлеуметтік желіде жариялап отырған. Кейін қуыршақ тоқуға кірісті. Осылайша өзінің хоббиін табыс көзіне айналдырған Жәнияның айтуынша, Атырауда қолөнерді дамытуға, сауда алаңдарын ұйымдастыруға және шеберлік сабақтарын өткізетін арнайы орталық жетіспейді.
Жәния ХАБИРОВА, қолөнерші
Өз ісімді өте жақсы көремін. Алғашқында жай ғана әуестендім. Кейін қызығына түсіп кетіп, күн сайын тоқу – әдетіме айналды. Қуыршақтармен тоқтап қалмадым, қол сүрткіштер мен шәркейге көштім. Бір бағытта тоқтап қалмай, өзімді дамыта бергім келді.
Атырауда қолөнершілер орталығын ашу мүмкіндігі сарапшылармен кездесу барысында талқыланды. Қатысушылардың айтуынша, қолөнер – туристердің назарын аудартатын сала. Мұндай бағытты қолдау Қазақстанның мәдени мұрасын сақтап қалатын, нақтырақ айтқанда, ұлттық құндылықты бүкіл әлемге паш ететін мүмкіндік болмақ.
Айгүл ЖАНСЕРІКОВА, «Qazaq-Oner» қолөнершілер орталығының басшысы
Жаһандану кезеңінде әр ұлт өзінің ұлттық қазынасын сақтап қалуға тырысу керек. Өйткені, өзінің мәдениеті, тілі, тағамдары, өнері, музыкасы және қолөнері болмаса, кез келген ұлт жер бетінен жоғалып кетеді. Сондықтан осы жоба аясында шеберлерге үкімет тарапынан қандай көмек керек екенін білгіміз келеді.
Кездесу «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының қолөнершілікті зерттеу жұмыстары аясында өткізілді. Мұндай бастаманың нәтижесінде қолөнер нарығына талдау жасалады, белгілі бір аймақтың даму әлеуеті байқалып, ең бастысы – қолөнершілікті дамытудағы негізгі кедергілер айқындалады. Іс-шараны Атырау облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен Ш.Сариев атындағы облыстық өнер мұражайы ұйымдастырды.