Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының кәсіпкерлерінде шешімін таппаған мәселе көп. Ауыл іскерлері инфрақұрылымға қаржылай көмек көрсетіліп, жаңа жұмыс орындарының ашылғанын қалайды.
Аудан орталығының бизнесмендері карантин талаптарын жеңілдетуді сұрады. Олардың айтуынша, тойханалардың толықтай жабылып, дәмханалардың уақытын кешкі сағат онға дейін шектелуі жағдайды одан бетер қиындатқан.
Алтынғали НОҒАЕВ, кәсіпкер
Уақыт – кәсіпкер үшін қып-қызыл ақша. Сондықтан сағаттық шектеу қою қателік. Оның үстіне, аудандарды Нұр-Сұлтан, Ақтау сияқты мыңдаған адам келіп-кететін, турисі көп қаламен салыстыруға болмайды. Бізде жұмыс жоқ. Халықтың табысы азайып кетті.
Ауыл іскерлерімен кездескен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығы оларды толғандырып жүрген мәселелермен жіті танысты. Енді бұл проблемалар палатада жеке қарастырылмақ. Әрі қарай орталық аппарат пен Үкіметке жолданады. Сондай-ақ, кәсіпкерлермен басқосуда «Атамекен» ҰКП-ның VII съезінде қойылған міндеттер мен мақсаттар түсіндірілді.
Рашит МҰСТАПАЕВ, Маңғыстау облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры
Ауыл кәсіпкерлеріне ақпарат жетіспейтінін білдік. Агронесиелеу корпорациясы, микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банк туралы сауалдарға жауап бердік. Кәсіпкерлер палатасына жүктелген міндеттердің 8 бағыты бойынша түсіндіріп өттік. Салық, жобалау офисі, несие қолжетімділігі туралы да айтылды.
Айта кетейік, қазір Түпқараған ауданында орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын 2 мыңнан астам нысан бар.