Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов ел ағаларымен кездесті. Көшпелі отырыста өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, алға қойылған жоспарлары талқыланып, үлкендердің ұсынысы тыңдалды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарланды.
Жиында өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік, білім мен медицина саласына қатысты азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру мәселелері көтерілді.
С.Трұмов өзінің алғы сөзінде ортақ мәселелерді шешу үшін осындай кездесулерді өткізудің маңыздылығын атап өтті. Өйткені, қоғамдық құрылыстың, экономика мен шаруашылықтың сан-саласында ұзақ жылдар елеулі еңбек етіп, бүгінгі таңда елдің тыныс-тіршілігінен қалыс қалмай, әлі де болса бойдағы күш-қуатын қоғам игілігіне жаратуды көздеген ақсақалдардың өңір дамуында алатын орыны ерекше.
Серікбай ТРҰМОВ, Маңғыстау облысынң әкімі
Бүгінгі отырыстың маңызы аса зор. Өздеріңіз білетіндей, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауда президент мемлекеттік басқарудың жаңа моделі, өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік, білім мен медицина саласына қатысты азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты секілді бірқатар мәселелер бойынша жаңа мақсаттар мен міндеттерді айқындап, тапсырмаларын берген болатын. Сондықтан алдымызға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындау үшін бүкіл қоғам болып жұмыла кірісуіміз керек.
Сондай-ақ, облыс әкімі ақсақалдарға алдағы жасалатын жоспарларымен бөлісті. Дүниежүзілік пандемияға байланысты ел үшін маңызды бірқатар даталардың кейінгі мерзімге ауыстырылуға мәжбүр екенін атап өтті. Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанның бірқатар облыстарында коронавируспен сырқаттанғандардың саны күрт өскені байқалады. Сондықтан аймақта індеттің өршіп кетпеуі үшін сақтық шараларын ұстанып, жағдайға аса жауапкершілікпен қарау үшін халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізілу керектігін айтты.
Осыдан кейін, аймақ басшысы ел экономикасының өзін-өзі қамту деңгейін арттыруға бағытталған міндеттерге тоқталды. Ол – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Ауыл шаруашылығында 14,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,1%-ды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал саны 7,0%-ға өскен.
Бүгінгі таңда Маңғыстауда ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 32 кәсіпорын жұмыс істейді.
Осы жылдың бюджетінде ауылшаруашылық салаларын субсидиялауға 1,5 млрд.теңге және «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде бюджеттік кредиттерге де қаржы қарастырылды. Бұған қоса, мал шаруашылығын дамытуға жайылымдарды сумен қамту үшін 44 қазылған құдыққа субсидия берілді.
Сонымен қатар, экономикалық проблемаларға қарамастан шағын және орта бизнесті қолдау үшін жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 51 млрд. теңге сомасына 225 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 279 жаңа жұмыс орны құрылып, 3 064 жұмыс орны сақталды. Нәтижесінде, шағын және орта кәсіпкерлік саласында 2-тоқсанда 17,6% өсіммен 692,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 901,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ақсақалдар да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Олар Ауыл шаруашылығын дамытуға, жол құрылысына, жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге қатысты пікір айтты. Оның ішінде медицина мамандарының жетіспеушілігі де бар. Өңір басшысы аталған мәселелердің барлығы назарда екенін айтты.