Ауылдық өңірлерде қаржыгер мен заңгер тапшы. Себебі, онда баруға ешкімнің құлқы жоқ. Бұл туралы облыстың кеңейтілген кадр комиссиясы отырысында айтылды.
Одан бөлек, мемлекеттік аппараттағы штат санын 10 процентке азайту жоспарланған. Алайда мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы департаментінің басшысының пікірінше, бұл шара білікті мамандарды айналып өтуі тиіс дейді.
Салауат МҮКСІМОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі АОД басшысы
Округ әкімдеріне штаттық кестені қайта қарап, қаржыгер және заңгер лауазымдарын нақтылауды сұраймын. Абай атамыз айтқандай, «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел». Биыл мемлекеттік аппаратты оңтайландыру үрдісі олардың қатарын 10 пайызға қысқарту білікті және тиімді қызметкерлерді айналып өтуі тиіс. Мейлінше, тұрақты бос орындарды қысқарту арқылы ауыл округтерінің аппаратын қозғамай-ақ өткізу жөн деп есептейміз.
Әдеп кодексі қабылданғалы бері мемлекеттік қызметшілердің басқан әр қадамы – бақылауда. Осы жылдың 9 айында 351 тәртіп бұзу дерегі анықталған. Олардың 67 пайызы қарапайым ескертумен шектелсе, қалғандары сөгіс, қатаң сөгіс, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алды. Лауазымы төмендетіліп, қызметінен босатылғандар да бар.
Салауат МҮКСІМОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі АОД басшысы
Ең көп заңбұзушылық фактілері Мемлекеттік кірістер департаментінде. Онда 40 дерек тіркелді. Одан кейін Құрманғазы ауданының әкімдігінде 35, Жылыой мен Исатайда 23-тен факт кездесті. Аталған органдардың басшыларына мемлекеттік қызметшілер тарапынан жіберілетін заңбұзушылық болдырмау мәселелерін қолға алып, қадағалауды күшейту қажет. Жалпы, басшылықтағы қызметшілерге де сұрақтар көп. Заңбұзушылықтың 41%-ын өздері жасап отыр. Нәтижесінде, тек 9 ай ішінде 144 басшы жауапкершілікке тартылған.
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының айтуынша, мемлекеттік қызметшілер арасында заңсыз қолдау жүйесі, яғни, тамыр-таныс арқылы мансабын жоғарылату жағдайлары азаяр емес.