1 жыл бұрын жан жарын жер қойнына тапсырған ІІІ топ мүгедегі Қанат Иманғазиев 3 баласын өзінің жәрдемақысымен асырап отыр. Бірақ басындағы мәселе мұнымен бітпейді.
Жақында ол құжатсыз үйде 22 жылдан бері тұрып келе жатқанын айтып «Харекет» қайырымдылық қорынан көмек сұраған еді. Көп ұзамай баспананың кілті қолына тиді.
Қордың атынан облыстағы он төртінші үйді иеленген Қанат ағамыз жуырда 3 бөлмелі жер үйге қоныс аударады. Енді ол балаларының заңды шаңырақ астында шаттыққа кенеліп, емін-еркін өсетініне қуанышты.
«Харекет» қоры екі жарым жылдың ішінде халықтан жиналатын қаражатпен республика бойынша әртүрлі жағдайдағы мұқтаж жандарды 296 пәтермен қамтамасыз еткен.