Тұмауға қарсы вакцина егу басталды. Биыл облыстың 60 мың тұрғыны тегін екпе салдыра алады.
Бүгінде облыстағы барлық емханаға «гриппол+» вакцинасы таратылған. Екпе кез келген медициналық мекемеге тіркелген тұрғындардың 10 пайызына бөлініп отыр. Мәселен, біз барған жекеменшік клиникаға былтыр 850 вакцина берілсе, биыл 2 000-ы бөлініпті.
Бақытжамал ИМАНАЛИЕВА, жеке клиниканың медициналық директоры:
– Медицина қызметкерлерінің 50 пайызына егіп тастадық. Былтырмен салыстырмалы түрде қарасақ, егу барысында жүкті әйелдер арасында бас тарту көп болды. Солардан басқасының бәрін түгел қамтыдық. Медицина қызметкерлерінің арасында да жақсы жүргізілді. Биыл да түсінік жұмыстары жалғасады.
Екпе еккізуге келген әр пациентке алдымен ақхалаттылар түсіндірме жұмыстарын жүргізіеді. Олар қандай тағам ішіп-жеуге тыйым салынатынын, вакцинадан кейін ауырған жағдайда не істеу керегін айтады.
Олардың айтуынша, үш күн су тигізбей, 6 сағат сайын қызу өлшеп тұру керек. Егер қызу болса, дәрі қолдануға болмайды. Ондай жағдайда су ішкен дұрыс. Ащы тамақты мүлде ішуге болмайтын көрінеді.
Әсел МҰҚАЕВА, Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, қазір халықтың 40 пайызын екпемен қамту қажет болып тұр. Қызметкерлердің жұмыс орнында ауырып қалу қаупі жоғары. Сондықтан мекеменің ұжымдық иммунитетін қалыптастыру қажет. Ол үшін әр мекеме жұмысшыларының 80 пайызын екпемен қамтуы тиіс. Сондай-ақ, екпе алғаннан кейін ешқайда кетпей, дәрігердің бақылауында болуы керек.
Мамандар вакцинаның тұмауға қарсы антигендерден тұратынын айтады. Сондықтан қорқуға негіз жоқ. Ал тамақ ауруы, әлсіздік, түшкіру, дене қызуының көтерілуі секілді белгілер байқалса, сол арада жергілікті емханаға қаралғаныңыз абзал.