Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирустан көз жұмғандар 750 мыңнан асқан. Кемінде 20 млн адам вирус жұқтырған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пікірінше шын мәнінде дертке шалдыққандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Соған байланысты кейбір мемлекет шектеу шараларын қайта күшейтсе, кейбірі керісінше жеңілдетуде.
Қытай шекарадағы шектеулерін ала бастады. Енді Еуропаның 36 мемлекетіне ел аумағына өтуге жол ашық. Бірақ мұнда келген шетелдіктер міндетті түрде 14 күндік карантинге жатқызылады. Сондай-ақ бұл елге рейстер қысқартылып, билет құны қымбаттаған.
Германиядағы эпидемиологиялық ахуал нашарлай түскен. Роберт Кох атындағы институттың мәлімдеуінше, соңғы тәулікте 1 445 адамнан коронавирус анықталған. Мұндай статистика ел аумағында 1-мамырдан бері тіркелмеген. Соған қарамастан үкімет мектептерді ашуда. Десе де, бесінші сыныптан жоғары оқитын оқушыларға бетперде кию міндеттелген. Егер оқушы бас тартса – мектептен шығарылады.
Франциядағы жағдай ушығып бара жатқандықтан Париж марафоны кейінге қалдырылды. Спорттық шара енді 2021 жылы өтпек. Ел бойынша вирус жұқтырғандар саны 200 мыңнан асқан. Бүгінде ел аумағындағы 330 қалада бетперде тағу тәртібі міндеттелген. Оны бақылауда ұстау губернаторларға тапсырылған.
Ұлыбританияда індет салдарынан ел экономикасы 20 пайызға төмендеген. Бұл – 1955 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан есеп ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Жалпы, әлем елдері бойынша Біріккен Корольдік коронавирустан ең қатты зардап шеккен.
Ал Италиядағы жағдай тұрақты. Жазғы демалыстың қызған шағына қарамастан олар барлық шараны қатаң ұстанып отыр. Мұнда күніне шамамен 500 адамнан вирус анықталуда. Бұл көрші елдермен салыстырғанда анағұрлым аз.