Ақтауда нөсер жауынның салдарынан бірнеше үйді су басты. Түн ортасында тыныштығынан айырылған тұрғындар үш сағаттан астам уақыт тілсіз жаумен арпалысқан. Шатырдан аққан су кіреберіске, одан әрі пәтерлерге жайылған.
Мейрамгүл ЖОЛДАС, Ақтау қаласының тұрғыны:
— Подьезді түгел су алып кетті. Үйімізден де су кетті. Дәліз, ванна — бәріне түгел су кетті. Төтенше жағдайға хабарластық, диспетчерге звандадық. 3-4 сағат су тасумен болдық. КСК мамандары бәрі біткеннен кейін келді.
Суағар жүйесі әу бастан-ақ дұрыс орнатылмаған көрінеді. Ал бұл үйдің қолданысқа берілгеніне төрт-ақ жыл болған. Десек те шикілік көп, шешілмеген мәселе шаш етектен келетіндей.
Жақсылық МӘМЕДАЛИЕВА, Ақтау қаласының тұрғыны:
— Мына үйді салғанда салғырттық көп жіберген. Мен талай рет әкімшіліктен адам шақырдым. Басқа жерлерден де шақырдым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Айтыңызшы, бұл үй текше метрін 200 мың теңгеге алған үйге ұқсай ма?
Мәселенің мән-жайын білу үшін мердігер мекемеге хабарластық.
Әліпбай ДҮЗМАҒАМБЕТОВ, мердігер мекеме басшысы:
— Аққан судың себептері анықталды. Енді шығындардың бәрі есептеледі. Тұрғындардың пәтерлері тексеріліп, барлығына акт жасалынып, шығындарды қалпына келтіруге қолдан келгенше көмек жасаймыз.
Толассыз жауын аудан және қала көшелерін де басқан. Соның салдарынан жолдағы көлік қатынасы қиындаған. Қазір жағдай тұрақталды. Жайылған суды соруға арнайы техника жұмылдырылды.
Мұрат МҰХАНОВ, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
— Қала аумағында 12 учаскіге су жиналды. Оның ішінде 5 учаске — автомобильдерің жүру бөлігінде және 7 учаске тұрғын үйлердің ауласында болды. Мұнайлы ауданының аумағында 4 көше мен 8 аулаға су көп жиналды. Су басу басталғалы бері Маңғыстау облысы ТЖД жеке құрамынан 25 адам, 3 техника, басқада жедел түрде сусорғыш құралдар тартылды. Қазір жағдай тұрақталды, зардап шеккендер жоқ.
Бүгінде апат салдарынан зардап шеккен аумақтарды судан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жағдай толықтай бақылауға алынған.