5 тамыз – халықаралық бағдаршам күні. Үш көзді құрылғысыз қалалық өмірді елестету қиын-ақ. Себебі, осы арқылы жол қозғалысы реттеліп, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Бүгінде Атырау қаласында 53 бағдаршам бар. Бірақ қолданыстағы жол құрылғыларының жұмысында кемшін тұстар да жоқ емес. Бір көзі тез өшсе, енді бірі жүргізушілерді тым ұзақ күттіріп қояды. Полицейлер мұны былай деп түсіндірді.
Данияр ҚАНАТОВ, әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы:
– Уақытты ұзарту немесе азайту автокөліктердің қозғалыс қарқынына қарай қойылады. Мысалы, белгілі бір көшеде көлік саны тым көбейіп кетсе, жасыл көз ұзағырақ жанады.
Қарбалас уақыттағы көлік кептелісіне байланысты қызыл көздің жану уақыты өзгеруі мүмкін. Үш көзді құрылғыға мұқтаж Амандосов–Берғалиев, Бейбарыс–Мәденов және Ғабдиев–Әбілхайыр хан көшелерінің қиылыстары еді. Дегенмен мәселе шешіліп келеді. Арнайы қаржы бағдаршамды орнатудан бөлек, оның күтіміне де бөлінген.
Мақсат ТӨКЕНОВ, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:
– 2020 жылдың 1-інші жартыжылдығындағы Атырау қаласындағы бағдаршам обьектілері мен жол жүру қауіпсіздігі белгілерін күтіп ұстау үшін қызмет көрсету мекемесі «Монтаж Строй Сервис» сомасы 27,2 милион теңге болатын қызмет көрсетті.
Бағдаршам – көлік жүргізушілерінің де, жаяудың да адал досы. Бірақ жалпыға ортақ тәртіпті бәрі бірдей елей бермейді.