Орталық Азияның Еуразия қоры «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлік байқауын қорытындылады. Теңізшевройл компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба биыл онлайн-режимде өтті. Байқауға 112 өтінім түсіп, оның 30-ы жартылай финалға шықты. Әр қатысушы түрлі бизнес-курстардан өтіп, маркетинг, қаржы, стратегиялық жоспарлау және көпшілік алдында сөйлеу сияқты төрт бағытта білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Ирина ГОРБАЧЕНКО, Атырау облыстық «Жарқыра» бағдарламасының координаторы:
– Қорытынды бойынша Атырау қаласынан бес, ал Махамбет ауданынан 1 жоба іріктелді. Оның төртеуі 5 жылға пайызсыз несие алып, екеуі жалпы сомасы 18 млн теңге болатын грантты иеленді.
Осыған дейінгі жеңімпаздар қайтарған қарыздан 12 млн теңге бөлінді. Ал осы жылдың үздіктері болып қазақ қолөнер бұйымдарын өндіру шеберханасы, ерекше балаларға арналған орталық және футбол мектебі, қыздарға арналған дамыту орталығы, би студиясы, сонымен қатар созылмалы дертпен ауыратын жандарға көмектесетін жобалар болды. Бағдарламаға пандемия айтарлықтай әсер етті. Осы арқылы жоба авторлары цифрландыру жүйесіне көңіл бөле бастады.
Ирина ГОРБАЧЕНКО, Атырау облыстық «Жарқыра» бағдарламасының координаторы:
– Қазіргі қиын сәтте оларды қолдау мақсатында «Орталық Азияның Еуразия қоры» екі бағытта, атап айтқанда, бизнесті диагностикалау және әлеуметтік кәсіпкерліктің бағыт-бағдарын айқындау үшін әлеуметтік желімен жұмыс жасауды дағдыға айналдыруды ұсынды. Осы арқылы саланың кемшін тұстарын көре білуге, өсу аймағын дамытуға және онлайн-форматқа көшуге мүмкіндік бар.
Төрт жыл бұрын басталған «Жарқыра» бағдарламасы осы күнге дейін балаларды дамыту, экология, инклюзия, спорт салалары бойынша облыста 38 жобаға қолдау көрсетті. 150-ден аса адам жоба жеңімпаздарына жұмысқа орналасты. Ал халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 430 тұрғын осы уақытқа дейін бағдарламаның бір мүшесіне айналып үлгерді.