CaspianLife, 3 қазан. Атырауда Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған ірі жобаларында тауарларды жергіліктендіру мүмкіндіктеріне арналған IMB орталығының семинары мен көрмесі өтті.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға вице-министр Құдайберген Арымбек қатысты. Семинар мен көрмеге алпысқа жуық отандық тауар өндірушілер мен жұмыс (қызмет) жеткізушілері, көмірсутегі саласындағы жер қойнауын пайдаланушылар және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.
Энергетика вице-министрі Қ.Арымбек ірі мұнай-газ жобаларындағы ел ішіндегі құндылықты дамыту бойынша Энергетика министрлігі атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Өз сөзінде вице-министр биылғы 15 мамырда Теңізшевройл (ТШО), North Caspian Operating Company N.V. (NCOC), «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) және отандық тауар өндірушілер мен жұмыс (қызмет) жеткізушілері арасында жалпы сомасы 240 млн АҚШ долларына келісімшарттар жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар, осы жылдың шілде айында Атырау қаласында өткен «Ашық есік күндері» барысында ТШО, НКОК және КПО мен бірқатар қазақстандық өндірушілер арасында 55 меморандумға қол қойылғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі ірі жобалар операторларымен бірлесе отырып, қол қойылған меморандумдарды нақты келісімшарттарға айналдыру жұмыстарын жалғастыруда. Жасалған келісімшарттардың сомасы 120 млн АҚШ долларын құрады. Бұған қоса, Қ.Арымбек жергілікті мазмұнды дамыту бағдарламаларын қайта қарау және отандық жобалау институттарын міндетті түрде тарту бойынша тендерлік рәсімдерге өзгерістер енгізу жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
«Семинардың соңында NCOC, КПО, ТШО және отандық тауар өндірушілер, жұмыс (қызмет) жеткізушілері арасында 18 келісімшартқа, оның ішінде екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімі бар он екі ұзақмерзімді келісімшартқа және инвестициялар алмасу келісімшартына салтанатты түрде қол қойылды», — деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, тауарларды жеткізуге жасалған барлық ұзақ мерзімді шарттардың негізгі шарты өнім берушілердің Қазақстан Республикасының аумағында жаңа өндірістерді оқшаулау немесе жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту жөніндегі міндеттемесі болып табылатыны ерекше атап өтілді.
(ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)