CaspianLife, 25 қыркүйек. Көрмемен қатар Халықаралық KIOGE 2024 конференциясы The Ritz-Carlton Almaty қонақ үйінде өтіп жатыр, — деп хабарлайды Caspian News телеарнасы.
Конференция жаһандық энергетикалық трансформация жағдайында мұнай-газ саласын дамытудың негізгі мәселелері мен стратегияларын талқылауға арналған орталық алаңға айналып, оның жұмысы «Энергетикалық жобаларды іске асырудағы халықаралық әріптестік» тақырыбындағы пленарлық отырыстан басталды.
Спикерлердің қатарында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі – Алмасадам Сәтқалиев, Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика министрі – Сухейл Әл-Мазруи, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы – Асхат Хасенов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы – Санжар Жаркешов, Қазақстандағы Shell концернінің басшысы – Әли Әл-Жанаби, Eni басшысы – Сегер Хойтинк және стратегия жөніндегі кеңесші, автор, Harvard Business Review консультативтік кеңесінің мүшесі – Венера Андерсон бар.
Екі күн ішінде делегаттар мұнай-газ жобаларының тұрақты дамуына, энергетикалық трансформация жағдайындағы Қазақстанның стратегияларына, жергілікті қамтуды дамытуға, саланың негізгі жобаларына, мұнай өңдеуге, газ өңдеудегі халықаралық әріптестікке, инвестицияларға, IT және жасанды интеллектке, сондай-ақ мұнай-газ химиясына арналған сессияларға қатысады. Әсіресе GR, PR және HR мамандары үшін мұнай-газ саласындағы мамандықтардың рөлі туралы кәсіби meet-up өтеді. Компания өкілдері мұнай-газ саласының ағымдағы мәртебелерін, даму жоспарларын, негізгі жобаларын сатып алу жоспарларын таныстырады.