CaspianLife, 19 шілде – Кеше «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Мәскеуге жұмыс сапарымен барып, ресейлік әріптестерімен кездесті.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Лукойл» ЖАҚ басшылығымен кездесуде бірлескен жобалардың ағымдағы мәртебесі қаралды. Атап айтқанда, Теңіз және Қарашығанақты кеңейту, сондай-ақ «Қаламқас-теңіз/Хазар» жобасының жүзеге асырылуы мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта жобалауды орындау үшін мердігерді таңдау рәсімі жүргізілуде. Тараптардың жоспарына сәйкес, салмағы 14 мың тонна металл конструкциялары бар теңіз платформасының жоғарғы бөлігінің құрылысын қазақстандық верфте салу көзделуде. Асхат Хасенов «ҚазМұнайГаздың» «Лукойл» компаниясымен ынтымақтастықты нығайту бағытының өзгермейтінін растады және бірлескен бастамалардың табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.
«СИБУР» компаниясының Басқарма мүшесі – атқарушы директоры Павел Ляховичпен кездесуде Атырау облысында қуаттылығы 1,25 млн тонна полиэтилен өндіру кешенін салу бойынша бірлескен «Силлено» жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Қазіргі уақытта жоба базалық жобалау сатысының аяқталу кезеңінде тұр. Жобаның үлескерлері – «ҚазМұнайГаз» (40%), «СИБУР» (30%) және «Sinopec» (30%).
Сонымен қатар, полипропилен өндіретін «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI) зауытының жұмысының нәтижелері қаралды. KPI кешенінің іске қосылуы отандық полимерлік бұйымдар өндірушілерінің импортқа тәуелділігін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Осы жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстан нарығындағы отандық полипропиленнің үлесі 80%-ға жетті, ал KPI үлесі 30%-дан астамға артып, 50%-дан асты.
Биыл кешен полимерлік бұйымдар өндірушілеріне арнайы коммерциялық жағдайлар ұсынатын отандық өңдеушілерді қолдау бағдарламасын – «Форсажды» іске қосты. Бағдарлама қолданыстағы өндірістерді дамытуға және жаңа өндірістерді құруға, полимерлерді қолдануды кеңейтуге, импортты алмастыруға және қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Бағалау бойынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша полипропиленді қайта өңдеу өсімі 6%-ға жетуі мүмкін, бұл біздің ел үшін рекордтық көрсеткіш болады.